Елдің ішкі нарығында KPI өндірген полипропиленді сату көлемі өсуде
13.04.2026
ҚазМұнайГаз Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында көмірсутек шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық бере отырып, мемлекеттік өнеркәсіптік саясатқа сәйкес мұнай-газ химиясы саласын дамытып келеді.
Ішкі нарықты сапалы полимер шикізатымен қамтамасыз етуде ҚМГ-ның еншілес ұйымы — Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) маңызды рөл атқарады.
KPI қазақстандық өндірушілерді қолдауды жүйелі түрде кеңейтуде. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік қоймалар желісін құру логистика тізбегін барынша қысқартып, отандық қайта өңдеушілердің сұраныстарына жедел жауап беруге жол ашты.
Компанияның барлық алаңынан (Атырау қаласындағы зауыт қоймасын қоса алғанда) 2026 жылдың бірінші тоқсанында ішкі нарыққа жөнелтілген өнім көлемі шамамен 10 мың тонна полипропиленді құрады. Бұл көрсеткіш былтыр 8 мың тоннаға жуық болды. Бір тоқсан ішінде сату көлемінің шамамен 2000 тоннаға артуы - тиімді логистиканың қалыптасуы отандық полипропиленді пайдаланатын өндірушілердің белсенділігін тікелей ынталандыратынын көрсетіп отыр.
Елдің оңтүстігі мен шығысындағы кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін Алматы қоймасы 2025 жылдың бірінші тоқсанында 990 тонна өнім жөнелткен болатын. 2026 жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш үш еседен астам өсіп, 3 мың тонна полипропиленге жетті. Өсім жалпы сұраныстың артуымен қатар, жергілікті өндірушілердің қажеттіліктеріне сай қойма қорларын тиімді жоспарлау нәтижесінде қамтамасыз етілді.
Астанадағы қойма да тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл алаңнан 603 тоннадан астам өнім жөнелтілді. Бұл 2025 жылдың осындай кезеңіндегі 276 тоннаға жуық көлеммен салыстырғанда екі есе көп. Елдің орталық және солтүстік аймақтарында өнімді өткізу деңгейінің артуы құрылыс пен қаптама салаларында отандық полипропиленге деген сұраныстың жоғары екенін айқындайды.
KPI логистикалық инфрақұрылымы үшін 2026 жылғы ақпанда Шымкентте ашылған қойманың маңызы зор. 2026 жылдың алғашқы айлардың қорытындысы бойынша жаңа филиал 645 тоннадан астам өнім жеткізді. Нәтижесінде, Шымкент хабы қысқа уақыт ішінде сату көлемі жағынан елордадағы алаңмен тең деңгейге жетті. Оңтүстік бағыттағы қарқынды өсім жаңа қойма үшін осы локацияның стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалғанын көрсетеді.
Логистикалық тізбектердің дамуы отандық қайта өңдеушілерді үздіксіз шикізатпен қамтамасыз етіп, жаңа өндірістерді іске қосуға қолайлы жағдай жасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша клиенттік база 105-тен 150 компанияға дейін өсті. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл үрдіс жалғасып, қазақстандық клиенттер саны 165 кәсіпорынға жетті.